UFC ұйымында өнер көрсететін танымал қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновты ҚР Туризм және Спорт министрі Ермек Маржықпаев қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең беделді ұйым – UFC-де өнер көрсетіп, жасындай жарқырап жүрген даңқты спортшымыз Шавкат Рахмоновпен кездесіп, кейінгі жарқын жеңісімен құттықтадым. Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында ол АҚШ файтері Стивен Томпсонды жеңген болатын. Шавкат – мұхиттың арғы бетінде өткізген жекпе-жектері арқылы елімізді бүкіл әлемге танытып жүрген батырымыз. Шавкатқа алдағы уақытта жеңісті жолын сәтті жалғап, тезірек әлем чемпионы болуына тілектеспін», - деп жазды министр.

Естеріңізге сала кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін өткен жылы желтоқсан айында америкалық Стивен Томпсонмен өткізіп, қарсыласын екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңді.

Осылайша ол кәсіпқой мансабындағы 18-ші жеңісіне қол жеткізсе, Стивен Томпсон 7-ші рет жеңіліске ұшырады.

Осы жеңісінен кейін қазақстандық файтер UFC-дің жартылай орта салмақ санатындағы рейтингісінде 3-орынға көтерілді. Оның алдында Белал Мұхаммад (2-орын), Камару Усман (1-орын) және чемпион Леон Эдвардс орналасқан. Колби Ковингтон 5-орынға сырғыды.