Футболдан жаңа маусым алдында ел футболы тарихындағы алғаш рет ұйымдастырылып жатқан «Winter Cup» турнирінде 100 миллион теңге сарапқа салынады, деп хабарлайыды Prosports.kz сайты ҚКФЛ-ға сілтеме жасап.

Турнир 17-21 ақпан күндері Белек (Түркия) қаласында өтеді. Жарысқа «Ордабасы», «Тобыл», «Ақтөбе», және «Елімай» клубтары қатысады. Доп додасының жеңімпазы 60 млн теңгеге ие болса, екінші орын алған клуб 40 млн теңге сыйақы алады.

Жеребе нәтижесі бойынша «Winter Cup» турнирінің алғашқы ойынында Бірінші лиганың чемпионы «Елімай» мен Премьер-лига жеңімпазы «Ордабасы» кездеседі, екінші ойында Қазақстан кубогының чемпионы «Тобыл» мен ел чемпионатының қола жүлдегері «Ақтөбе» жолығады.

Қос жұптың жеңімпазы финалда бақ сынайды, жеңілгендері қола жүлдені сарапқа салады. Ойындар «Титаник Делюкс» стадионында өтеді. Бұған дейін бұл жасыл алаңда Бундеслига күндері аясында неміс клубтары жолыққан.

Жартылай финал ойындары 17 ақпан күні 15:00 және 20:00-де өтеді. 3-орын үшін кездесу 21 ақпан күні 15:00-ге, ал финалдық матч сол күні 20:00-ге жоспарланған. Ойын уақыттары Астана уақытымен көрсетілген. Доп додасын отандық «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.