UFC президенті Дана Уайт ирландиялық Конор МакГрегор мен америкалық Майкл Чандлер арасындағы жекпе-жек туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Бұл уақыт өте келе болады. Биыл болады деп үміттенеміз. Әзірге күні белгілі емес. Бірақ бәрін күзде ұйымдастыра аламыз деп үміттенемін», - деді Уайт The Pat McAfee Show-қа берген сұхбатында.

Бұған дейін МакГрегордың өзі үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жегі америкалық Майкл Чандлермен болатынын айтқан болатын. Конордың айтуынша, жекпе-жек 2024 жылдың 29 маусымында өтуі керек. Ирландиялық кейінгі рет октагонға 2021 жылдың жазында кірген, ол америкалық Дастин Порьеден аяғын сындырып алып, жеңілген. Конор қазір 35 жаста.

Бастапқыда МакГрегор мен Чандлер 2023 жылы жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған болатын. Бірақ Конор АҚШ-тың допингке қарсы агенттігінің сынақ пулына дер кезінде оралмады.