Росарио қаласында Дэвис кубогі іріктеу кезеңі аясында Қазақстан – Аргентина матчы мәресіне жетті.

Қос команда арасындағы бәсекеге бар күштілерін шығарған аргентиналықтар сөзсіз фаворит болған еді.

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Александр Бублик Париж олимпиадасының жолдамасы үшін ұпай жинау мақсатында Монпелье турниріне қатысса, Бейбіт Жұқаев жарақатына байланысты келе алмады. Ал Денис Евсеев күтпеген жерден ауырып қалды.

Шешуші, бесінші ойында дүниежүзілік рейтингіде 338-орында тұрған Дмитрий Попкоға қарсы Аргентина құрамасы Томас Мартин Этчеверридің орнына әлемнің 25-ракеткасы Себастьян Баэсті шығарды.

Бірінші партияда бірден брейк жасаған аргентиналық теннисші сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.

Есесіне екінші сетте Д.Попко 3:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін С.Баэс есепті теңестіргенімен, қазақстандық спортшы өзінің дегеніне жетті – 6:3.

Шешуші, үшінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Дмитрий брейк жасағанымен, қарсыласы сол бойда есепті теңестірді. Ойын тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда Попко екі матчболын пайдалана алмады – 6:7 (6:8).

Екі сағат 41 минутқа созылған тартысты кездесу барысында Попко 3 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Баэс 3 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Аргентина құрамасы 3:2 есебімен басым түсіп, қыркүйек айында өтетін Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне жолдама алды.