Қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Александр Шевченко Францияның Монпелье қаласында өтіп жатқан ATP 250 турнирінің ширек финалында кездеседі, деп хабарлайды Prosports.kz.

Шевченко (АТР рейтингінде 59-орын) екінші айналымда әлемнің 104-ракеткасы, франциялық Грегуар Баррермен кездесіп, 7:6, 2:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бірінші айналымдағы матчта Шевченко чехиялық Далибор Сврчиннен 6:4, 4:6, 6:4 есебімен басым түскен болатын.

Бублик турнирді 1/8 финалдан бастап, канадалық Денис Шаповаловты 1:6, 7:6, 6:3 есебімен жеңген еді.

Осылайша, турнирдің ширек финалында Александр Шевченко мен Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик өзара кездеседі. Жеңімпаз жартылай финалға жолдама алады.

Қазақстандық теннисшілер арасындағы кездесу 2 ақпанда өтеді.