«Әл-Наср» мен Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду Globe Soccer Awards марапаттау рәсімінде жақын арада карьерасын аяқтауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Мен бүгінгі күнмен, осы сәтпен өмір сүремін. Қазір мен өзімді жақсы сезінемін және әлі де гол соға аламын, командама көмектесе аламын, ұлттық құрамаға көмектесе аламын. Сондықтан мен ойнауды жалғастырамын.

Қазіргі уақытта, шынымды айтсам, бұл қашан болатынын білмеймін. Бірақ, жақын арада болатыны сөзсіз. Он жылдан кейін мүмкін, бірақ... жоқ, қалжыңдап тұрмын. Білмеймін көреміз», - деді Роналду.

Криштиану 2023 жылы клуб пен ұлттық құрама сапында 54 гол соғып, әлемнің ең үздік бомбардирі атанды.

Роналду – бес дүркін «Алтын доп» иегері. Еуропада ол «Спортинг», «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид» және «Ювентус» клубтарында өнер көрсеткен.

Португалия құрамасымен ол 2016 жылғы Еуропа чемпионатында және 2019 жылғы Ұлттар лигасында топ жарған. Ұлттық құрама сапында футболшы 200-ден астам кездесу өткізді.