Аргентиналық футболшылар Лионель Месси мен Анхель Ди Мария 2024 жылы Францияда өтетін Олимпиада ойындарында ұлттық құрама сапында өнер көрсетуі мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі DSports сайтына сілтеме жасап.

DSports мәліметінше, әлем чемпиондары Месси мен Ди Мария Аргентина құрамасы Олимпиадаға іріктеуден өтсе, турнирге қатысуға ниет білдірді. Турнирде команданы «Барселона» мен Аргентина құрамасының бұрынғы футболшысы Хавьер Маскерано басқарады.

Олимпиада ойындары шілдеден тамызға дейін өтеді – сол уақытта Месси 37 жаста, ал Ди Мария 36 жаста болады.

Естеріңізге сала кетейік, Олимпиадаға тек 23 жасқа толмаған ойыншылар қатыса алады, алайда әр құрамаға жасы үлкен үш тәжірибелі футболшы қатысуға рұқсат етілген.