Астаналық "Барыс" командасының және Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Давид Скленичка Құрлықтық хоккей лигасының үш апталық қорытындысы бойынша үздік ойыншылардың қатарына енді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандық клуб ойыншысы 3.47 ұпаймен үздіктер тізімінің оныншы орнына жайғасты. Үздіктер қатарында "Салават Юлаев" командасының шабуылшысы Иван Дроздов 4.34 ұпаймен көш бастап тұр.

"Рейтинг көптеген статистикалық көрсеткіштерге негізделіп есептеледі. Мысалы, қақпашылардың рейтингіне әрбір қайтарған шайба саны әсер етеді. Ал қақпаға дөп түскен әрбір соққының орташа көрсеткіші жалпы рейтингтен алынып тасталынады.

Қорғаушылардың рейтингі ұпайдан бөлек қақпаға шайбы салуға мүмкіндік бермеуіне, әдіс-тәсілдеріне байланысты болады. Ал шабуылшылардың көрсеткіші тең құрамда әрекет етуіне қарай есептеледі", – деп жазды ҚХЛ лигасының баспасөз қызметі.

ҚХЛ лигасының 16-18 апта аралығындағы үздік 10 хоккейшісі: Иван Дроздов ("Салават Юлаев") – 4.34; Никита Гусев ("Динамо") – 4.16; Александр Никишин ("СКА") – 3.86; Никита Серебряков ("СКА") – 3.72; Сэм Энэс ("Динамо" Минск) – 3.69; Максим Березин ("Лада") – 3.66; Дамир Шарипзянов ("Авангард") – 3.66; Владислав Каменев ("ЦСКА") – 3.64; Александр Елесин ("Локомотив") – 3.53; Давид Скленичка ("Барыс") – 3.47.