Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA) live-рейтингінде екі сатыға төмендеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталмыш рейтингте польшалық теннисші Ига Швёнтек көш бастап тұр (9710 ұпай).

Екінші орынға Беларусь өкілі Арина Соболенко (6975 ұпай) жайғасса, үздік үштікті америкалық теннисші Коко Гофф (6550 ұпай) түйіндеді. Ал Елена Рыбакина рейтингтегі бұрынғы орнынан екі сатыға төмендеп, 5-орынға табан тіреді (5688 ұпай).

Айта кетейік, Елена Рыбакина Australian Open турнирін жеңіспен бастады. Ол жарыстың бірінші айналымында чехиялық теннисші, әлемнің 38-ракеткасы Каролина Плишковадан басым түсті. Енді қазақстандық теннисші Ресей өкілі Анна Блинковаға қарсы ойнайды.

Еске салайық, жыл басында Рыбакина әлемнің екінші ракеткасын ұтып, Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанған еді.