«Интер Майами» мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси жылдың үздік футболшысы ретінде ФИФА-ның The Best сыйлығын жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бұл жүлдені карьерасында үшінші рет алған Мессиден бөлек, жүлдеге таласта Эрлинг Холанд («Манчестер Сити») пен Килиан Мбаппе («ПСЖ») болды.

2023 жылы Месси ПСЖ сапында Франция чемпионы және «Интер Майамимен» Лига кубогын жеңіп алды.

Месси «Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холандпен бірдей ұпай жинады (әрқайсысында 48 ұпайдан).

Бапкерлер мен журналистердің дауысы бойынша Холанд көш бастады, бірақ жанкүйерлер мен ұлттық құрама капитандарының дауысы бойынша Мессиден жеңіліп қалды.

Ұлттық құрама капитандарының ұпай саны бойынша Месси 107 ұпай жинаса, Хааланд 64 ұпай жинады.

Айта кетейік, 36 жастағы шабуылшының өзі Лондондағы салтанатты шараға қатыспады.

Әйелдер арасында Испания құрамасының сапында әлем чемпионы атанған Айтана Бонмати жылдың үздік футболшысы жүлдесін жеңіп алды.