Катарда өтіп жатқан футболдан Азия кубогында 15 қаңтарда, төртінші ойын күнінде Оңтүстік Корея құрамасы Бахрейннен басым түсті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Кездесу барысында корейлік футболшылар тізгінді қолға ұстауға тырысты. Десе де бірінші кезеңде бахрейндік футболшылар лайықты қарсылық көрсете білді.

Ойынның 38-минутында Оңтүстік Корея құрамасынан Хван Ин Бём мергендік танытса, 51-минутта Абдулла Аль-Хашаш таразы басын теңестіріп кетті.

Осыдан кейін корейлік Ли Кан Ин 56, 68-минуттарда қос голдың авторы атанды.

Осылайша Оңтүстік Корея қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, алғашқы жеңісін тойлады.

Сондай-ақ аталған жарыс күнінде дәл осындай есеппен Ирак құрамасы Индозенияны тізе бүктірді.

Ал Иордания футболшылары Малайзияны 4:0 есебімен жеңіп кетті.

Енді 16 қаңтарда F тобында Таиланд пен Қырғызстан, Сауд Арабиясы мен Оман шеберлік байқасады.