Қазақстандық Мария Дмитриенко Кувейт астанасында өтіп жатқан стенд атудан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ұлттық құрама спортшысы трап бағдарламасының финалында 30 ұпай жинап, үздік үштікке ілікті.

Париж олимпиадасының жолдамасы жеңімпаз атанған Ван Ю Лю (Тайбэй) мен күміс жүлдегер Чжан Синьцюге (Қытай) бұйырды.

Мария осыған дейін іріктеуде 117 нысананы дәл көздеп, 1-орынмен ақтық сынға жолдама алған еді.

Еске сала кетейік, Мария Дмитриенко өткен жылы Даниил Почиваловпен бірге Бакуде өткен әлем чемпионатында жұптық сында (микст) қола медаль жеңіп алған.

Содан кейін Ханчжоудағы Азия ойындарында 2 қола жүлдеге (жекелей, командалық) қол жеткізді.