Қазақстандық, әлемнің 417-ракеткасы Дмитрий Попко Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен челленджер турнирінің финалында ойнады, деп хабарлайды Kazinform.

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастап финалға дейін жеткен қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде дүниежүзілік рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған 19 жастағы Перу өкілі Гонсало Буэномен бас жүлде үшін таласты.

Бірінші партияда перулік теннисші 6:4 есебімен басым түсті.

Есесіне екінші сетте қазақстандық спортшы қарымта қайырды – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда Г.Буэно 3:0, 4:1 есебімен алға шыққанымен, Д.Попко таразы басын теңестірді – 4:4. Есеп 6:5 болған мезетте ол үш матчболын пайдалана алмады. Тай-брейкте сәттілік Г.Буэноның жағында болды – 7:6 (7:4).

Екі сағат 30 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Попко 2 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың жетеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 1 эйс, 6 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.

Дмитрий Попко Буэнос-Айресте іріктеу сайыстарын қосқанда, барлығы 6 жеңіске қол жеткізді.

Қазақстандық теннисші осы табысы арқасында ATP Live рейтингісінде бірден 358-орынға көтеріліп тұр.