«Барселона» футбол клубының ойыншысы Ламин Ямал Испания Суперкубогының жартылай финалында рекорд орнатты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Сауд Арабия астанасы Эр-Риядта «Барселона» мен «Осасуна» клубтары кездескен еді. Аталмыш матч Испания Суперкубогының финалына жолдаманы сарапқа салды. Осы ойында «Барселона» 2:0 есебімен басым түсті. Жеңімпаз команданың екінші голын 16 жастағы Ламин Ямал салды.

Осылайша Испания Суперкубогының тарихында алаңға шыққан және гол соққан ең жас футболшы атанды. Ямал өткен жылы сәуір айында Ла Лиганың кезекті матчында «Барселона» құрамында дебют жасаған еді. Ол «Бетис» клубына қарсы ойынның 86-минутында алаңға шыққан.

Тransfermarkt порталының мәліметінше, Ламин Ямалдың трансферлік нарықтағы құны – 60 миллион еуро.

Айта кетейік, Испания Суперкубогының финалында «Барселона» командасы «Реал Мадридке» қарсы ойнайды.