Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) Астанадан Алматыға бірінші ATP 250 турнирін ауыстыруды бекітті. АTP сайтында жарияланған күнтізбеге сәйкес Almaty Open 2024 жылғы 13-20 қазан аралығында өтеді.

«Алматы АТР 250 сериясымен өтетін турнирді қабылдау құқығына заңды түрде ие болып отыр, өйткені өткен ғасырдың 20-шы жылдары осы қалада Қазақстан теннисі дами бастады. Almaty Open тек ауқымды спорттық шара болып қана қоймай, сонымен қатар турнир өтетін Almaty Arena аумағында мерекелік көңіл-күй орнатып, ерекше күш-қуат сыйлауға жәрдемдеседі», деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов.

ATP 250 жарысы – шынында да әлемнің 30 елінде өтетін ауқымды спорт оқиғаларының бірі. Аталмыш санатқа 40 турнир кіреді, онда жеңгендер ATP рейтингісінде 250 ұпайға ие болады. Алдағы Almaty Open ATP турнирінің жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асады.

Бірінші жыл сайынғы ATP 250 турнирі Астанада 2020 жылы өткізілді. 2022 жылы турнир деңгейі бір рет ATP 500-ге көтерілді. Онда қатысушылар кілең жұлдыздар еді: Новак Джокович, Стефанос Циципас, Даниил Медведев, Карлос Алькарас, Хуберт Хуркач, Андрей Рублев және басқалар. Қазақстандық жарыс жыл сайын 110-нан астам ел аумағында көрсетіледі.