Қазақстандық файтер Сүндет Айтқұл (7-1) аралас жекпе-жекте өзінің жоғары деңгейін көрсетіп жүр, кейінгі жеті кездесуінде қарсыласына мүмкіндік қалдырмады.

23 желтоқсанда Алматыда Айтқұл тартысты жекпе-жекте бразилиялық Клаудечи Бритоны (9-3) жеңіп, OCTAGON лигасының жеңіл салмақтағы жаңа чемпионы атанған болатын.

Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында спортшы чемпиондықтан алған әсері, болашақ қарсыластары мен жоспарлары туралы айтты.

– Сүндет, әдемі де әсерлі жекпе-жекте OCTAGON лигасының чемпионы атандыңыз. Бірнеше жыл бұрын бәрі осылай болатынын елестете алдыңыз ба?

– 2021 жылы OCTAGON SELECTION турнирінде жекпе-жекке шықтым. Чемпион болуды армандадым. Бірақ мен лига мұншалықты табысты болады деп ойламадым.

– Бритоға қарсы кездесу карьераңыздағы ең қиын жекпе-жек болды ма?

– Бритомен жекпе-жек онша қиын болған жоқ, бірақ мен бразилиялықтың физикалық жағынан менен күшті екенін байқадым. Осыған байланысты қарсыласты шаршату үшін алдымен онымен күресу жоспарда болды.