Қазақстандық «Номад» командасының қатысуымен өтетін Құрлықтық кубоктың ойын кестесі белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жарыстың финалдық сатысында елордалық команда «Кардифф Девилз» (Уэльс), «Катовице» (Польша) мен «Хернинг Блю Фокс» (Дания) клубтарымен ойнайды.

Ойындар 2024 жылдың 12-14 қаңтар аралығында болады.

Ойындардың өтетін күні мен уақыты:

13 қаңтар. 2:00«Номад» - «Кардифф»

13 қаңтар. 21:00«Хернинг Блю Фокс» - «Номад»

14 қаңтар. 21:00«Номад» - «Катовице».

Жарыстың финалдық сатысы Уэльс астанасы Кардифф қаласындағы 3 мың жанкүйерге арналған «Виндико» аренасында өткізіледі.

Айта кетсек, «Номад» өз тарихында екінші мәрте жарыстың аталған сатысында бақ сынауға мүмкіндік алып отыр.

Бұдан бұрын қазақстандық команда Латвияның «Земгалесін» 4:1, Уэльстің «Кардифф Девилзін» 5:4, Францияның «Греноблін» 2:0 есебімен жеңіп, Е тобында бірінші орын алды.

Құрлықтық кубок Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қазірге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алды.

Әртүрлі жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) екінші орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді.