Жеңіл салмақта UFC белбеуінің иегері, ресейлік файтер Ислам Махачев UFC 300 турнирі аясында өтетін Чарльз Оливейра — Арман Царукян жекпе-жегінің жеңімпазымен кездеседі, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бұл туралы промоушеннің жетекшісі Дана Уайт әлеуметтік желіде хабарлады. Уайт бұған дейін Оливейра мен Царукян арасындағы жекпе-жек туралы хабарлаған болатын. Сондай-ақ ол Махачев пен осы жұптың жеңімпазы 2024 жылдың жазында кездесетінін айтты.

Айта кетейік, Махачев алдыңғы жекпе-жегін 21 қазан күні UFC 294 турнирі аясында өткізді, онда ол аустралиялық Александр Волкановскиді нокаутқа түсірген болатын. Ресейлік спортшы ММА-да 26 жекпе-жек өткізді: 25 жеңіс және бір жеңіліс (UFC-де 14 жеңіс және бір жеңіліс).

Оливейра UFC 294 турнирінде Ислам Махачевпен титулды жекпе-жекке шығуы керек еді, бірақ жарақатына байланысты кездесуден бас тартуға мәжбүр болды.