Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Окленд (Жаңа Зеландия) WTA 250 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Kazinform.

Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина — словакиялық Виктория Грунчакова финалда чехиялық Мария Боузкова — америкалық Бетани Маттек-Сандспен бас жүлде үшін кортқа шықты.

Бірінші партияда қазақстандық-словакиялық жұп 6:3 есебімен басым түсті.

Екінші сетте тай-брейкте чехиялық-америкалық дуэт сәтті ойнады — 7:6 (7:5).

Супер тай-брейкте А.Данилина мен В.Грунчакова жеңісті жұлып алды — 10:8.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта олар 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың алтауын құр жібермеді.

Қарсылас жұп 4 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.