Индонезия астанасы Джакартада 5-18 қаңтар аралығында нысана көздеуден лицензиялық Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Kazinform.

Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, бұл жаңа жылдағы алғашқы лицензиялық жарыс болмақ.

Париж олимпиадасының 16 жолдамасы сарапқа салынатын бәсекеде 29 мемлекеттен жиналған 380 таңдаулы мерген сынға түседі.

Аталмыш додаға ұлттық құрама сапында 21 спортшы аттанды. Олардың жетеуі винтовкамен, он спортшы тапаншамен, төртеуі жылжымалы нысана көздеуде бақ сынайды.

Әзірше ел қоржынында Париж олимпиадасының 3 жолдамасы (Ислам Сатпаев, Арина Алтухова мен Константин Малиновский) бар.

Нысана көздеуде лицензия спортшының жеке өзіне емес, Ұлттық федерацияға беріледі.