«Үлкен дулыға» турнирінің 22 дүркін чемпионы, әлемнің бұрынғы бірінші нөмірі испандық теннисші Рафаэль Надаль 2024 жыл оның кәсіби мансабындағы соңғы жыл болуы әбден мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Парижге барғанда бұл жыл менің мансабымдағы соңғы бола ма, әлде әрі қарай жалғастыра берем бе - белгілі болады. Менде тағы бес ай бар, өз жағдайымды білемін. Бәріне дайынмын және бұл менің теннистегі соңғы жылым болуы әбден мүмкін екенін түсінемін. Қоштасуға дайынмын», - деді Надаль.

Естеріңізге сала кетейік, 37 жастағы испандық өткен маусымды мүлде жіберіп алды: ол 18 қаңтарда өткен Австралия ашық чемпионатының 2023 жылғы екінші раундындағы матч кезінде ауыр жарақат алды.