Максим Самородов «Ақтөбе» футбол клубымен жаңа келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі клуб баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

21 жастағы «Ақтөбе» түлегі 2019 жылы «ақ-қызылдар» сапында ҚПЛ-да дебютін өткізген.

2020 жылы командамен бірге Бірінші лига жеңімпазы атанып, 2021 жылы шеберлігін шыңдады. 2022 жылы чемпионаттың күміс жүлдесін иеленіп, «Қазақстанның үздік жас ойыншысы» номинациясында озық болды.

2023 жылы қола жеңіп, ұлттық құрама сапында жұлдызы жанды да, мемлекет басшысының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Өткен маусымда Қазақстан Премьер-лигасы мен Конференция лигасында жасындай жарқылдаған Самородов «Ақтөбенің» бүкіл турнирлердегі үздік сұрмергені (7 гол + 5 ассист) атанды.