Байдарка мен каноэ есуден жасөспірімдер мен жастар арасында екі дүркін әлем чемпионы, биылғы Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері Мария Бровкова БҚО-да жылдың үздік спортшысы атанды, деп хабарлайды Kazinform.

Салтанатты іс-шара кезінде М.Бровковаға «Олимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы» аталымы бойынша марапатты облыс әкімі Нариман Төреғалиев табыс етті.

«Алдағы жылы Париж олимпиадасы өтетіні мәлім. Осындай әлемдік додада спортшыларымыздан жақсы нәтиже күтеміз. Қазіргі кезде батысқазақстандық Мария Бровкованың есімін көпшілік жақсы біледі. Осы және басқа ескекшілеріміз жаттығатын базада қос қабатты ғимарат салмақшымыз. Міне, тиісті жағдай туғыза білсек, ел намысын абыроймен қорғайтын жастарымыздың көптеп шығатынына сенім мол», - деді облыс әкімі.

Шара барысында, сондай-ақ дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Нұрлан Исатаев – «Жыл серпілісі», шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2023 жылғы Лэйк-Плэсидтегі ХХХІ Бүкіләлемдік қысқы универсиаданың күміс жүлдегері Алина Әжіғалиева – «Үміт артар спортшы», әйелдер күресінен 23 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зейнеп Баянова мен дзюдодан ересектер арасында ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Нұрсұлтан Зайзағалиев «Спорттық мінез үшін» аталымымен марапатталды.

Дзюдодан ересектер арасында Азия кубогінің жеңімпазы Аңсарбек Ғайнуллин – «Тұрақты спорттық жетістік үшін», байдарка мен каноэ есуден БҚО-ның аға жаттықтырушысы, М.Бровкованың анасы әрі бапкері Елена Бровкова – «Үздік бапкер – 2023», БҚО дзюдо федерациясы (президенті Рустам Шайхиев) – «Үздік спорттық федерация», Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі «Үздік спорттық ұйым» аталымына ие болды.

Парадзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ІV Азия паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Талғат Әжіғалиев – «Паралимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы», тоғызқұмалақтан оқушылар арасында әлем чемпионы Самира Оразмұхамбет – «Ұлттық спорт түрлерінен үздік спортшы», халықаралық дәрежедегі спорт шебері, киокушинкай каратэден ересектер арасында әлем чемпионы Нұргүл Сапарова «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен үздік спортшы» атағын жеңіп алды.

Спорт ардагерлері мен сала қызметкерлеріне басқа да марапаттар тапсырылды.