21 желтоқсанда Алматыда дзюдодан ерлер арасындағы халықаралық командалық "Jenys Cup" турнирі өтті. Қазақстандық "Jenys" клубының атынан татамиге шыққан спортшылар бұл жарыста қола жүлдеге қол жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған жарыстың ашылу салтанатына Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев пен Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі Алмаз Әлсенов қатысып, құттықтау сөзін сөйледі.

Байрақты доданың қола жүлдесі үшін "Lokomotiv Green Hill" клубымен кездесті. Еліміздің намысын қорғаған Кубанычбек Айбекуулы (-66кг), Асқар Нарқұлов (-73кг), Жансай Смағұлов (-73кг), Тато Григалашвили (-81кг), Ерлан Шеров (-90кг) пен Саба Инанешвили (+90кг) азулы қарсыластарын 3:0 есебімен таза жеңіп шықты. Бұл кезеңге дейін "Jenys" клубы "Spanish Judo Car-Madrid", "Stayki" және "Genco" клубтарының спортшыларын ұтып шыққан болатын.

Жарыс нәтижесінде финалда белдескен екі клубтың ішінен "Shevardeni" клубы чемпион атанса, "Hoji Sharif" күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал "Jenys" және "Edelweiss" клубтары үшінші орынды бөлісті.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар шешімімен жарыс барысында үздік болып танылған спортшыларға арнайы жүлделер табысталды.