2023 жылы семсерлесуден Қазақстан командасының мүшелері халықаралық сындарда 42 медаль жеңіп алған. Оның ішінде әлем чемпионатындағы алғашқы тарихи жүлдеміз де бар, деп жазады Olympic.kz.

Қазіргі таңда шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасы Халықаралық семсерлесу федерациясының командалық рейтингінде алғашқы алтылыққа енеді. Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов төрттігі олимпиадалық рейтингте 4-орында тұр.

Түркияда өткен әлем кубогінде Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет шпагадан командалық жарыста топ жарды. Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов әлемдік сында еліміздің әнұранын шырқатты.

Сондай-ақ, Миланда өткен әлем біріншілігінде Руслан Курбанов шпагамен семсерлесуден қола медаль иеленді. Бұл аталған спорт тарихында Қазақстанның әлем чемпионатында жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Курбанов әлем кубогі кезеңінен де қоламен оралды.

Айта кетелік, шпагашылар төрттігі Ханчжоудағы Азия ойындарында финалға шығып, күміс жүлдегер атанса, Эльмир Алимжанов жекелей сында үздік үштікке кірді.

Биылғы маусымда тұңғыш рет қазақстандық спортшы саблямен семсерлесуден әлем кубогінен жүлде алды. Артем Саркисян Италияда өткен кубокті кезеңде күміске қол жеткізді.

Ханчжоудағы Азия ойындарында Артем Саркисян, Саттархан Назарбай, Жанат Нәбиев және Рахманали Мұхамедәлі төрттігі саблядан командалық сында қола жүлдені еншіледі. Чендуде өткен дүниежүзілік Универсиаданы сабляшылар үшінші орынмен аяқтаған еді.