Алматыда 21 желтоқсан күні тұңғыш рет дзюдодан ерлер арасындағы халықаралық командалық «Jenys Cup» турнирі өтеді. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының төрінде өткізілгелі отырған бұл жарысты қазақстандық «Jenys» спорт клубы ұйымдастыруда.

Белдесулер 66кг, 73кг, 81кг, -90кг, +90кг салмақ дәрежелеріндегі ерлер арасында өтеді. Командалық жарыста Қазақстан, Франция, Испания, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия және Моңғолия елдерінен 17 клуб өзара мықтыны анықтайды.

Қатысушылардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары Тато Григалашвили (Грузия), Шалва Гурешидзе (Грузия), Басху Йондонпэрэнлэйн (Моңғолия), Жансай Смағұлов (Қазақстан) және әлемдік Grand Slam, халықаралық дәрежедегі турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Одхюгийн Цэцэнцэнцэнгэль (Моңғолия), Якуб Шамилов (Ресей), Айбек Серікбаев (Қазақстан), Кубанычбек Айбекуулу (Қырғызстан) бар.

«Jenys Cup» турнирінің жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды: 1 орын - 30 мың АҚШ доллары, 2 орын - 20 мың АҚШ доллары, екі 3 орын әрқайсысы 10 мың АҚШ долларын сыйақы алады. Сонымен қатар жарыс барысында үздік дзюдошы, үздік командалық спортшы анықталып, арнайы қаржылай сыйлықтар табысталатын болады.

Жарыс 21 желтоқсан күні сағат 9:00-де басталады. Тікелей көрсетілім «Qazsport» телеарнасында ұйымдастырылмақ. Байрақты бәсекеге кіру тегін