Қазақстан құрамасының ойыншысы Расул Әбдіманапұлы Prosports.kz тілшісі Бекарыс Әлімханға берген эксклюзивті сұхбатында Нидерландыға қарсы матч туралы айтты.

– Расул, жеңіс құтты болсын. Ойын туралы не айтасыз?

– Жанкүйерлерге мың алғыс – олар біздің алтыншы ойыншымыз. Құдайға шүкір, мақсатымызға жеттік – әлем чемпионатына жолдама алдық. Енді Румыниямен кездесеміз. Тек жеңіс үшін ойнаймыз.

– Алдағы Өзбекстанда өтетін әлем чемпионаты сіздің мансабыңыздағы алғашқы ірі жарыс болмақ. Осы турнирде алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?

– Иә, егер құрамаға шақырту алсам, мансабымдағы дебюттік турнир болмақ. Мақсатыма келетін болсақ, алдымен құрамаға шақырту алуым керек, ол үшін чемпионат ойындарында өзімді көрсетуім қажет.

– Ойын барысында есепті ұлғайта түсетін көптеген сәттер болды, бірақ біз оларды пайдалана алмадық. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Бізде үлкен мотивация болды, оған бас бапкер Кака көмектесті. Барлығымыз гол соғып, қазақ еліне жеңіс сыйлағымыз келді. Менің ойымша, осы мақсатқа жету жолында кішігірім толқу болған сияқты. Соған қарамастан, біз жеңіске жеттік, сол үшін қуаныштымыз. Жанкүйерлер әрқашан бізді қолдап, қолдау көрсетеді деп сенемін. Алға, Қазақстан!