Қазақстан таеквондо федерациясы Астанада өткен Конференция отырысында тәртіп пен жарыс ережесін бұзған екі жаттықтырушыға жаза қолданды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Алматы қаласының жаттықтырушысы Төлеген Тілеумұратов Қазақстан таеквондо қауымдастығына нон грата тұлғасы болып танылды. Ол төрешілер мен жаттықтырушыларға, жарысты ұйымдастырушылар мен өзге де тұлғаларға құрметсіздік көрсетіп, спорттық этиканы өрескел бұзғаны үшін екі жылға жарыстардан шеттетілді.

Сондай-ақ, Түркістан қаласында өткен республикалық турнирді ұйымдастыру барысында спортқа, төрешілерге және ұйымдастырушыларға әдепсіздік танытқан астаналық бапкер Сапаралы Әбдірашев та екі жылға жарыстардан аластатылды.

Бұл ретте Қазақстан таеквондо (WT) федерациясы жекелеген спортшылардың, жаттықтырушылардың және таеквондоның басқа да мамандарының қоғамға жат мінез-құлық танытуларына жол бермейтіндігін атап өтеді.