Халықаралық гимнастика федерациясының атқарушы комитеті 2027 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын қаланы анықтады, деп хабарлайды Kazinform.

Аталған комитет таратқан мәліметке сүйенсек, спорттық гимнастикадан 2027 жылғы әлем біріншілігін Қытайдың Ченду қаласы қабылдамақ.

Алдын-ала жоспар бойынша турнир 23 қыркүйек пен 7 қазан аралығында өтпек.

Еске сала кетейік, биылғы Бельгияның Антверпен қаласында өткен спорттық гимнастикадан 52-ші әлем чемпионатында қазақстандық Милад Карими қола медаль жеңіп алған болатын. Ұлттық құрама көшбасшысы еркін жаттығудың финалында 14.600 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді.

Бұл - қазақ гимнастарының 1997 жылдан кейін әлем чемпионатында қол жеткіген алғашқы жүлдесі. Ол кезде Сергей Федорченко Лозаннадағы додада бағанадан секіруден чемпион атанған.