Нысана көздеуден Қазақстан командасының бас бапкері Ольга Довгун биылғы маусымды қорытындылап, мергендердің алдағы жылға жоспарын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Айта кетелік, нысана көздеуден Қазақстан командасының қоржынында әзірге үш жолдама бар.

«Маусым қорытындысы бойынша үш лицензиямыз бар. Азия ойындары біз үшін соңғы жарыс емес. Жақын күндері оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Катарды бетке аламыз. Өйткені, 2024 жылдың 5-18 қаңтары аралығында Индонезияда лицензиялық Азия чемпионаты өтеді.

Сол сында тағы да Олимпиада жолдамаларын ұтып алсақ деген ниетіміз бар. Лицензия алу үшін бар күшімізді саламыз. Әлі жолдама алмаған спортшыларымыздың қарқыны жақсы. Бәрі де Париждегі төртжылдық додасына қатысу үшін еңбектеніп жатыр.

Демалатын уақыт жоқ. Бір аптадай ғана тынығып алдық. Енді жаңа қарқынмен жолдамаға таласты бастаймыз», - деді Ольга Довгун.