15 желтоқсанда Астанада өтетін «IBA чемпиондар түні» атты турнирде ресейлік боксшы Харитон Агрба 67 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Дулат Бекбауовпен кездеседі, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі «Матч ТВ-ға» сілтеме жасап.

2019 жылғы Еуропа ойындарының күміс жүлдегері Агрба WBA жартылай орта салмақ рейтингінде оныншы орында тұр және кәсіпқой рингте 12 жеңісі бар. 28 жастағы боксшының кейінгі жекпе-жегі қыркүйекте Екатеринбургте өтіп, спортшы панамалық Александр Дюранды мерзімінен бұрын жеңген болатын.

Бекбауов кәсіпқой рингте ресми жекпе-жек өткізген жоқ, ол 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Сондай-ақ, осы турнирде 15 желтоқсанда Астанада ресейлік Никита Зон (7-0-1, КО 5) 80 келіге дейін салмақ дәрежесінде 2019 жылғы әлем чемпионы қазақстандық Бекзат Нұрдәулетовпен (6-0, КО 2) кездеседі.

Нұрдәулетов 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқанымен, 1/8 финалда ресейлік Имам Хатаевтан жеңіліп қалған.