Қысқы спорт түрлерінен кезекті маусым басталды. Фристайл-акробатикадан Финляндияның Рука қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде қазақстандық Жанбота Алдабергенова қола жүлдегер атанды. Бұл отандық спортшының биылғы маусымдағы алғашқы жүлдесі, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Жанботаның айтуынша, жарыс алдында барлық команданың мүмкіндігі бірдей болған. Себебі, әлемдік фристайлшылар үшін дайындық енді басталды.

«Жарыс басталғанша барлық спортшы қарда жаттықпаған еді. Өйткені, бәріміз де осы елге келіп, шаңғыға тұрдық. Былайша айтқанда, нөлден бастадық.

Бірнеше ай бойы шаңғыны ұмытқандықтан, қайтадан сезіне білу керек.

Барынша тез дайындалуға тырыстық. Екі апта толық жаттығу болды деп айта алмаймын. Қатты жел әсерін тигізді. Тағы да қайталап айтамын, бар елдің спортшылары да осындай жағдайда. Бәрімізде мүмкіндік бірдей болды.

Әлем кубогіне аз уақыт қалғандықтан, тез дайындалдық», - дейді спортшы.

Биыл фристайл-акробатикадан әлем чемпионаты өтпейді. Сондықтан спортшылар әлем кубогі кезеңдерінде бақ сынайды.

«Бұл маусымдағы алғашқы жарыс болғандықтан, барынша жүлдеге іліну керек деген мақсат қойдым. Бастамасы жаман емес.

Әлем чемпионатына екі жылда бір өтеді. Биылғы күнтізбеде чемпионат жоқ. Сол үшін кубоктік кезеңдерде барымызды саламыз», - деді Алдабергенова.