Қазақстан ұлттық құрамасы Токиода өткен дзюдодан әлемдік Grand Slam турнирінен медальсіз қайтты.

2-3 желтоқсан күндері Жапония астанасы Токиода дзюдодан маусымның соңғы бәсекесі – әлемдік Grand Slam жарысы өтті. Дүбірлі додаға 88 елден 527 дзюдошы қатысты. Айтулы турнирде 20 қазақстандық дзюдошы бақ сынады.

Олардың арасында Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов бар. Алайда дзюдошылардың ешқайсы тұғырға көтерілмеді. Финалдық сынға да шыға алмады. 78 келіден жоғары салмақта Камила Берліқаш жұбаныш белдесуіне жеткенімен, жапон дзюдошысы Хикару Кодамеге есе жіберді.

Айта кетейік, қазақстандық дзюдошы Камила Берліқаш Абу-Дабиде өткен Grand Slam жарысының күміс жүлдесіне ие болған еді. Камила Берліқаш Қазақстан дзюдо тарихында дзюдодан әйелдер арасында Grand Slam жарысының финалына шыққан тұңғыш қазақстандық дзюдошы атанды.