Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Мадияр Кембілов ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Эстониямен өткен екінші матч (0:1) туралы айтып берді.

– Қыздарға ешқандай кінә таға алмаймын. Бәрі қолынан келгенше ойнады. Кішкене күшіміз жетпеді. Оған себеп - Венгрияда өткізген Израильге қарсы екі ойын. Өте қиын матчтар болды. Барып-келу дегендей...

Ойынның басында қыздарда қобалжу болды.Ұту керек, ойын қалай болады екен деп. Оны өздеріңіз көрген шығарсыздар. Ал екінші таймда басымдық бізде болды. Мүмкіндіктер де болды. Суық күнде қолдау көрсетіп келген жанкүйерлерге алғысымызды айтамыз. Ендігі ойында қуантуға тырысамыз.

Естеріңізге сала кетейік, бес турдан кейін Қазақстан құрамасы 5 ұпаймен үшінші орында келе жатыр. Бұған дейін Мадияр Кембіловтің шәкірттері Эстония (0:0), Армения (2:1) және Израильге (0:2, 0:0) қарсы ойнады.

Ал 5 желтоқсанда «Астана Аренада» Арменияға қарсы матч жоспарланған. Ойынның басталуы – 21:00-де. Кездесуді Qazsport телеарнасы көрсетеді.