Қазақстан теннисінің жас жұлдыздары Әмір Омарханов пен Асылжан Арыстанбекова жасөспірімдер арасында алдағы жылдың алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі – Аустралия ашық чемпионатында ойнайды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, сонымен қатар Даниал Рахматуллаев, Виталий Зацепин, Ілияс Маратұлы және Айя Нұпбай іріктеу сайыстарында бақ сынайды.

Жасөспірімдер арасында Аустралия біріншілігі 20-27 қаңтар аралығында өтеді.

Қарағанды теннис мектебінің түлегі Әмір Омарханов 16 жаста. Жасөспірімдердің әлемдік рейтингісінде 55-орында тұр. Ол ITF Juniors санатында өткен жарыстарда жекелей және жұптық сында бес реттен жеңімпаз атанды.

Алматы теннис мектебінің түлегі, 17 жастағы Асылжан Арыстанбекова рейтингіде 68-сатыда келеді. Ол ITF Juniors додаларында жекелей сында бір рет чемпион болды. Ал жұптық сында 13 титулға қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Мысырдағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.