Қазақстандық, әлемнің 197-ракеткасы Денис Евсеев Майя (Португалия) челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемдік рейтингте 403-орында тұрған грекиялық Стефанос Сакелларидиспен сәтті өткізді.

Бір сағат 37 минутқа созылған матчта Денис Евсеев 6:2, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.

Ол 1 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Грекиялық спортшы 2 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.

Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің 159-ракеткасы, швециялық Элиас Имермен таласады.

Денис Евсеев өткен аптада Валенсия (Испания) жарысының жартылай финалына дейін жетуінің нәтижесінде рейтингте 226-дан 197-ге көтерілген еді.