Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов жақында өткен ел Спартакиадасында өз мықтылығын тағы дәлелдеді. Алайда боксшы өзіне үйреншікті 67 келіден олимпиадалық салмаққа ауыспақшы. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.

- Дулат, әлем чемпионатынан кейін ресми жарыстарға көп қатыспадыңыз...

- Иә, менің салмағым Олимпиада бағдарламасына енбейтіндіктен, Азия ойындарына бара алмадым. Бірақ уақытым босқа өткен жоқ. ІВА (Халықаралық бокс қауымдастығы) ұйымдастырған «Чемпиондар түні» турнирінде екі рет жекпе-жек өткіздім. Енді бұл бәсеке Астанада өткелі жатыр. Тағы да бақ сынап көрмекпін. Осы жолы сербиялық боксшымен келіссөз жүріп жатыр.

- Астанада өткен Қазақстан Спартакиадасында жеңіске жеткен соң, салмақ ауыстыруға бел буғаныңыз рас па?

- Рас. Бәрі де Олимпиада үшін ғой. 63,5 келіге өту үшін диетологтармен жұмыс істемекпін. Көпшілік мені 71 келіге ауысады деп жүр екен. Олай емес, мен салмағымды түсірмекшімін. «Чемпиондар түні» турниріне қатысқан соң, жаңа жылдан бастап салмақ қууды бастаймын.

- Олимпиадаға аз уақыт қалды. Жаңа жылдан кейін салмақ қуып, бейімделіп үлгересіз бе

- Меніңше, 63,5 келіге түсу айтарлықтай қиын болмауы керек. Бұл жердегі басты мәселе – салмақ қуу деп ойлаймын. Егер 71 келіге өтсем, сөзсіз ауыр соғатын еді. Бәрі сәтімен болса, жаңа салмаққа бейімделіп үлгеремін. Олимпиадаға қатысу үшін салмақ қуудан қорықпаймын.

- Жазғы Азия ойындарындағы команданың сәтсіздігін қалай қабылдадыңыз?

- Әрине, оңай болған жоқ. Жақсы нәтижеден үмітті едік. Жігіттер жеңілеміз деп бармағаны анық. Құрамаға шын жанкүйер болғандықтан, осы құраманың бір мүшесі ретінде бұл сәтсіздік маған да қатты тиді.

- Асланбек Шымбергенов сіздің 67 келідегі ежелгі қарсыласыңыз Асаходжа Муйинходжаевпен жұдырықтасты. Осы жекпе-жек алдында командаласыңызға қандай да бір кеңес бердіңіз бе?- Асланның жеңетініне толық сенімді болдым. Өйткені ол бұл салмақтағы әлем чемпионы, ал Асаходжа енді ауысып жатыр. Оның үстіне, Аслан солақай боксшылармен жақсы жұдырықтасады. Сондықтан, Шымбергеновтің жеңетініне еш күмәнім болған жоқ. Жекпе-жектен соң хабарластық. Аслан менің есемді қайтарғанын айтып, бір күліп алдық.