Ақмола облысында Щучинск қаласында биатлоннан Қазақстан Кубогының алғашқы кезеңі мәресіне жетті.

Екінші жарыс күні ерлер арасында 7,5 шақырым спринтте Антон Башкиров (Ақмола облысы) ешкімге дес бермеді. Ол нысана көздеу кезінде 3 мәрте мүлт кетті. Оның уақыт көрсеткіші 20 минут, 40,7 секунд. Одан кейін Александр Бирюков (Ақмола облысы) пен Владимир Батрынча (Қарағанды облысы) жайғасты. Екеуі жеңімпаздан 1 минуттан астам уақыт қалып кетті.

«Кеше тұрып нысана көздеуде көп қателестім. Жалпы нәтижеге қатты әсер еткен. Ал бүгін жатып ату кезінде көрсеткішім ойдағыдай болған жоқ. Екі оғым далаға кетті. Кеше күн райы суық болғанымен жарыс жолының сапасы жоғары еді. Бүгін керісінше. Соның салдарынан аяғым тез шаршап, жүгіру қиындай түсті. Әйтпесе, көрсеткішім бұдан жақсы болатын еді»,-деді Антон Башкиров Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.