Ақмола облысында 19-шы Жазғы Азия және 4-ші Параазия ойындары мен басқа да халықаралық жарыстарға қатысушылармен кездесу өтті, деп хабарлайдыProsports.kz сайты Kazinform.-ға сілтеме жасап.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде аймақ басшысы Марат Ахметжанов спортшыларды байрақты жарыста алған наградаларымен және медальдарымен құттықтады. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының бұқаралық спортты және спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

— Ақмола облысында бүкіл еліміздегідей бұқаралық спортты дамыту бағытында халықтың қолжетімділігін арттыру үшін спорт кешендері мен нысандары көптеп салынуда. Биылғы жыл өңір үшін жарқын және есте қаларлық сәттерге толы болды. Ханчжоуда өткен Азия және Параазия ойындарында ақмолалық спортшылар кәсіби шеберліктерін танытып, жеңіс тұғырынан көрінді, — деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Іс-шара барысында аймақ басшысы жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар мен жаттықтырушыларды Алғыс хат және ақшалай сертификатпен марапаттады.

— Әлемдік спорт ареналарында Қазақстанның көк туы желбіреп көтерілуі біз үшін үлкен абырой. Сол себепті, еліміздің, оның ішінде Ақмола облысының намысын қорғау үшін барымызды саламыз. Бізге үнемі қолдау білдіріп отырған облыс басшылығы мен жанкүйерлерімізге шынайы алығысымды білдіремін, — деді былғары қолғап шебері Карина Ибрагимова.

Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Айта кетсек, ақмолалық спортшылар өткен жазғы халықаралық жарыстарда Республика құрамасының қоржынына лайықты үлес қосты. Карина Ибрагимова аймақтық бокс тарихында алғаш рет 2024 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алды. Аян Бейсембаев, Сауд Арабиясындағы Азия чемпионатында алтын және Азия ойындарының қола медалін жеңіп алды. Давид Дегтярев IV Параазия ойындарының алтынын еншіледі. Ирина Кузнецова Албанияда әйелдер күресінен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Андрей Тютин Тайландта өткен Азия чемпионатында садақ атудан чемпион атанды.

Салтанатты іс-шара облыстың шығармашылық ұжымдарының орындауындағы концерті бағдараламаға ұласты.