Футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Магомед Адиев Сан-Мариномен өтетін ертеңгі кездесуге орай өткен баспасөз конференциясында жанкүйерлерге алғыс айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Жанкүйерлерімізге алғысымыз шексіз. Бұл шынымен қымбат нәрсе. Ұлттар лигасынан бастаған жолымыз әлі есімде. Қарсыласымыз Әзербайжан болған еді. Сол кезде стадион менің шашым сияқты болған (күледі — ред.). Әр жерде жалтырап, бос орындар көрініп тұрды. Ал қазір ең үлкен құрама команданың бірімен ойнағалы жатпасақ та, екі тәулік қалғанда билеттің бәрі сатылып кеткен. Оның үстіне тағы билет сұрап жатыр. Федерациядағылар не істерін білмей, басын ұстап, дағдарып жатқанын білемін. „Тым болмағанда бір билет беріңдерші“ деп сұраушылар көбейген. Оны бәрі біз үшін қымбат дүние», — деді ол.

Бас бапкер қазақстандық жанкүйерлердің адалдығына да риза екенін атап өтті.

«Сіздердің қарсылас командалардың жұлдыздарын көруге емес, өз құрамаңызды қолдауға келе бастағандарыңызды көріп жүрмін. Бұл — үлкен абырой. Осындай мәртебені ұстап тұру біз үшін шынымен де абырой. Сіздерге көп рахмет», — деді Магомед Адиев.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сондай-ақ, ол команда көшбасшыларының бірі Асхат Тағыбергеннің ертеңгі ойында алаңға қатыса алмауына байланысты пікір білдірді.

«Мен Асхатқа айттым. Қазір қасымызда жүр. Словенияға да алып барамыз. Өйткені бізге оның алаңда ғана емес, оның сыртында да бірге болғаны маңызды. Бахамен (Бақтиер Зайнутдинов — ред.) де осындай әңгіме болды. Ол осы ойынға келмек болған. Бірақ жарақатымен ұшпауға кеңес беріпті. Словенияға ұшып келетін шығар деп үміттенеміз. Осылайша бірлігімізді паш еткіміз келеді», — деді бапкер.

Магомед Адиев ұлттық құраманың осыған дейінгі жеңістерінде бүкіл ұжымның еңбегі жатқанын айтты.

«Бұл — жалғыз Адиевтің немесе жекелеген ойыншылардың феномені емес. Бұл — бүкіл құраманың феномені. Оның сыртында федерацияның еңбегі бар», — деді ол.