Футболдан Қазақстан құрамасының 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Сан-Марино және Словения құрамаларымен кездесуінің қай телеарнадан көрсетілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты Inform-ға сілтеме жасап.

Аталған ойындарды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Ел құрамасы H тобында 8 ойыннан кейін 15 ұпай жинап, үшінші орында тұр. Алғашқы екі орындағы Словения мен Данияның еншісінде 19 ұпайдан бар.

Алдағы екі ойында жеңіске жеткен жағдайда Қазақстан құрамасының құрлықтық дода финалдық сатысына жолдама алуына мүмкіндігі бар. Словенияға қарсы «Астана Арена» стадионында өткен бірінші ойын 1:2 есебімен қарсылас команданың пайдасына шешілсе, Сан-Мариноны сырт алаңда 3:0 есебінен жеңген болатын.

17 қарашадағы Қазақстан-Сан-Марино кездесуін «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде ұсынады. Ал 20 қарашада сырт алаңдағы Словенияға қарсы ойыны «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары арқылы сағат 01:45-те көрсетіледі.