Қазақстан ұлттық құрамасының және Стамбұлдың «Бешіктас» командасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов Instagram парақшасында қазақстандық жанкүйерлері мен ұлттық құрама ойыншыларына үндеу жасады.

Әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазбасында Зайнутдинов алдымен түрік тілінде: «Қолдауларыңыз үшін көп рахмет!» деген.

Содан кейін ол Қазақстан халқына: «Баршаңызға жылы лебіздеріңіз үшін шексіз алғысымды айтамын! Жігіттерге ұлттық құраманың маңызды матчтарында тек сәттілік тілеймін! Алға!» деген танымал футболшы.

Айта кетейік, 12 қарашада Түркия Суперлигасының аясында Стамбұлдың Башакшехир клубына қарсы ойында қазақстандық ойыншы қарсыласымен соқтығысып, мұрын сүйегі мен көзін жарақаттап алған болатын.

Осылайша, Бахтиер Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі Сан-Марино және Словениямен болатын шешуші ойындарда ұлттық құрамамен алаңға шыға алмайтын болды.