Оман мемлекетінің астанасы Маскатта шахматтан әуесқойлар арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Швейцариялық жүйе бойынша өткен сында Қазақстан құрамасы 2 алтын медальмен жалпы есепте 2-орын алды.

23 жасқа дейінгі шахматшылар арасында Әбілмансұр Әбділқайыр (ерлер) мен Арнаш Бауыржан (әйелдер) чемпион атанды.

Көш басында барлығы 6 медаль (оның төртеуі алтын) алған Моңғолия тұрса, Үндістан үздік үштікте (2 күміс, 1 қола). FIDE ұйымдастырған дода 3 жас санаты бойынша (U17, U20, U23) өтті. Биыл барлығы 8 елдің ойыншысына жүлде бұйырғанын айта кетейік.