Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде II Түркі Универсиадасының жабылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Универсиада қатысушылары, университет студенттері мен оқытушы-профессорлары қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша волейболдан ерлер мен әйелдер арасында қазақстандық студенттер үздік атанды.

Футзалдан Қырғызстаннан келген команда чемпион атанды.

Өзбекстан шахматтан біріншілікті өзіне бекітті.

Егер еркін күрестен Қазақстан алға шықса, дзюдода өзбек және әзербайжан студенттері көш бастады.

Ал грек-рим күресінде Түркия елінің балуандары басқа құрама спортшыларына есе бермеді.

Мажарстан құрамасы үстел теннисінен үздік нәтиже көрсетті.

Жабылу салтанатында Қырғызстан еліне Түркі Универсиадасының ту тапсыру рәсімі өтті.

Айта кетейік, Универсиадаға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Мажарстаннан барлығы 450-ге жуық спортшы қатысты.

Спортшылар спорттың 7 түрінен бақ сынасты: үстел теннисі, шахмат, волейбол, футзал, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі.

Спорттық ойындар «Olympic Сenter» спорт кешені мен Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында өткізілді.