Бұл жолы италиялық Maserati бренді жаңа модель шығаратынын жариялады. Атауы да ерекше, жарнамасы да керемет.

Maserati компаниясы MC20 моделін арнайы шектеулі сериямен шығармақшы. Slashgear.com сайтында жарияланған мақалада жаңа көліктің техникалық сипаттарына емес, оның интерьеріне көп көңіл бөлінген. Мұның себебін Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото Maserati сайтынан алынды

Технологиялық дәуірде көлік үшін де, смартфон үшін де дизайн ойлап табу қиынға түспейді. Инженерлер мен конструкторлардың қолдарында жасанды интеллект жүйесі мен компьютерлік дизайн құралдары жетерлік. Ендігі жерде олар идея тапшылығымен бетпе-бет келгендерін түсіне бастаған.

Италиялық Maserati компаниясы да талғампаз тұтынушының назарын аудару үшін атақты жұлдыздарды жаңа көліктерінің жарнамасына қосуды дәстүрге айналдыра бастады. Бұл жолғы суперкар Notte деп аталады, яғни италиян тілінен аударғанда «түн» деген мағына береді.

Ағылшын Премьер лигасының 2000 жылдардағы жұлдызды футболшысы Дэвид Бекхэм шектеулі шығарылыммен ұсынылатын модельдің жарнамасына шақырылған. Бұл модель бүкіл әлем бойынша небәрі 50 данамен таралады және бағасының өте жоғары болатынын көрсетеді.

Бэкхеммен бірге италиялық автошабандоз Андреа Бертолини да Maserati-дің жаңа көлігін жарнамалауға қатысады.