Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Недовесов София (Болгария) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда болгариялықтар Янаки Милев – Петр Нестеровпен кездесті.

Бірінші партияда болгариялық жұп 6:4 есебімен басым түсті.

Есесіне екінші сетте қазақстандық-эквадорлық дуэт қарымта қайырды – 6:3. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:5.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында екі жұп та 2 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.

Александр Недовесов – Гонсало Эскобар финалға шығу үшін тағы бір қазақстандық Андрей Голубев – украиналық Денис Молчанов және аустралиялықтар Джон Патрик Смит – Макс Перселл жұптарының қай жеңгенімен таласады.