Испанияның Севилья қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде Аустралиямен матчта әлемнің 69-ракеткасы Юлия Путинцева таразы басын теңестірді, деп хабарлайды Kazinform.

Дүниежүзілік рейтингте 113-орында тұрған Кимберли Биррелмен бәсекеде Ю.Путинцева бірінші сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Екінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Биррел брейк жасап кетті – 5:4. Бірақ Юлия бұдан кейін қатарынан үш геймді өз есебіне жазды – 7:5.

Бір сағат 28 минутқа созылған бәсеке барысында Ю.Путинцева 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

Осылайша, Қазақстан – Аустралия матчында есеп теңесті – 1:1.

Енді матч тағдыры жұптық сындағы ойында шешіледі.