Атақты теннисші Билли Джин Кинг Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерімен кездесіп, ақ жол тіледі, деп хабарлайды Kazinform.

Билли Джин Испанияның Севилья қаласында өтіп жатқан өзінің атымен аталатын командалық әлем чемпионатында бақ сынайтын 12 құраманың ішінде осалы жоқ екендігін мәлімдеді.

Дүниежүзілік теннис федерациясының президенті Дэвид Хаггертимен бірге Қазақстан құрамасымен жүздескен теннисші әр матч, әр сет, әр геймнің шешуші болатындығын айтты. Тіпті оның әр сәті матчтың нәтижесіне әсер етуі әбден мүмкін. Жеңіл бәсеке мүлде болмайды. Сондықтан ойыншылар командалық әлем чемпионатында кортқа тастүйін дайындықпен шыға білуі тиіс.

Билли Джин Қазақстан мен әлемде теннистің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа ризашылығын жеткізуді өтінді. Сонымен қатар алдағы ойындарда Қазақстан құрамасына сәттілік тіледі.