Бокстан Астана қаласында 4 жылда бір мәрте өтетін ерлер арасындағы Спартакиада турнирі ұйымдастырылады. Байрақты бокс бәсекесі "Beeline Arena" спорт кешенінде 13-19 қараша аралығында өтеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Бокс федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, ел астанасында ұйымдастырылатын жарысқа әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай және барлық өңірден 250-ден астам былғары қолғап шеберлері сынға түсетін болады.

"Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ерлер 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі) бойынша жеңімпазды анықтайды. Бокс бәсекесінің барлық жекпе-жектерін күндізгі 15:00-ден бастап, "Qazsport" телеарнасы тікелей эфирде көрсететін болады. Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 19 қарашада анықталады. Турнир жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады", делінген хабарламада.