Испанияның Севилья қаласында 7-12 қараша аралығында өтетін командалық әлем чемпионаты – Billie Jean King Cup финалдық кезеңіне алғаш рет қатысатын Аружан Сағындықова өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Аружан Сағындықованың айтуынша, Севильяға 3 қараша күні ұшып келіп, 4-інен бастап жаттығуларын өткізген.

«Біз ауа райына үйреніп, кортқа бейімделдік. Биылғы сәуір айында ұлттық құрама сапында алғаш рет өнер көрсетіп, Польшаны жеңгеннен кейін финалдық кезеңге жолдама алдық. Команда капитаны Ярослава Шведоваға алғысым шексіз, оның сенімін ақтап, құрамаға ұпай әперуге тырысамын. Аустралия мен Словениямен матчтың өте қиынға түсетіні анық.

Кездесулерді жақсы бастап, жеңіске жету үшін дене дайындығымен қатар, психологиялық тұрғыда күшті болу қажет. Словения бастапқы матчта Аустралияны ұтып, күтпеген нәтижеге қол жеткізді деуге болады. Бұл командалық додада осал қарсыластың жоқ екендігін көрсетеді. Сондықтан қай ойында да бар күшімізді салатын боламыз», - деді Сағындықова.